Зоонозды тұмау: өзіңізді және жақындарыңызды қалай қорғауға болады
Адам ағзасы құс және басқа да зоонозды тұмау вирустарымен жұқтырылуы мүмкін. Оларға құс тұмауы вирустарының A(H5N1), A(H7N9), A(H9N2) қосалқы түрлері, сондай-ақ шошқа тұмауы вирустарының A(H1N1) және A(H3N2) қосалқы түрі жатады.
Жұқтыру, негізінен, ауру жануарлармен тікелей байланыс арқылы немесе ластанған қоршаған орта арқылы жүреді. Дегенмен, адамға жұққан жағдайлардың көпшілігі вирустың адамнан адамға тұрақты берілуіне әкелмейді.
Маңыздысы – құс және басқа да зоонозды тұмау вирустары дұрыс термиялық өңдеуден өткен тағам өнімдері арқылы адамға жұқпайды.
Ауру қалай байқалады
Зоонозды тұмау вирустарымен жұққан кезде адамда жеңіл конъюнктивиттен бастап ауыр пневмонияға дейін әртүрлі белгілер пайда болуы мүмкін.
Көп жағдайда A(H5N1) және A(H7N9) вирустарымен жұқтыру тірі немесе өлі құстармен тікелей немесе жанама байланыста болудан туындайды.
- A(H5N1) вирусымен жұққанда инкубациялық кезең орта есеппен 2–5 күнге созылады, бірақ кейде 17 күнге дейін жетуі мүмкін.
- A(H7N9) вирусымен жұққанда инкубациялық кезең 1-ден 10 күнге дейін, орта есеппен – 5 күнге созылады.
Алғашқы белгілер:
- дене қызуының 38°C және одан жоғары көтерілуі,
- жөтел.
Ары қарай төменгі тыныс жолдарының зақымдану белгілері (ентігу, тыныстың қиындауы), асқазан-ішек бұзылыстары (диарея, құсу, іштің ауруы), мұрыннан немесе қызыл иектен қан кету, кеудедегі ауырсыну дамуы мүмкін
Денсаулық нашарлаған жағдайда не істеу керек
Аурудың алғашқы белгілері байқалғанда дереу дәрігерге жүгіну қажет. Ерте басталған ем қолайлы нәтижеге жету мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.
Зоонозды тұмаудың алдын алу шаралары
Жұқтыру қаупін азайту үшін мынадай ережелерді сақтау маңызды:
- Жеке шаруашылықтарда, базарларда және құстар көп жиналатын жерлерде (әсіресе су айдындарының маңында) құстармен байланыстан аулақ болу.
- Үй құстарын тек өз аулаңызда ұстау.
- Құс етін және жұмыртқаны рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алмау, әсіресе құс тұмауы тіркелген аймақтарда.
Жұмыртқаларды мұқият өңдеу:
- жылы 0,5% кальцийленген сода ерітіндісімен жуу,
- кемінде 5 минут бойы салқын ағынды суда шаю,
- таза ыдысқа салу.