Неліктен қант диабеті ТМККК тізімінен шығарылды және бұл пациенттер үшін нені білдіреді?
Неліктен қант диабеті ТМККК тізімінен шығарылды және бұл пациенттер үшін нені білдіреді?
2025 жылғы 14 шілдеден бастап «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» (МӘМС) туралы заңға өзгерістер күшіне енді. Осы заң аясында Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) кіретін аурулар тізімі қайта қаралды. Өзгерістердің бірі — қант диабетін емдеуді қаржыландыруды ТМККК-тен МӘМС жүйесіне көшіру болды.
Маңызды: қант диабеті әлеуметтік мәні бар ауру ретінде қалады.
Бұл шешім халықаралық тәжірибені ескере отырып қабылданды. Негізгі мақсат — пациенттерге сапалы және заманауи емдеу әдістеріне қолжетімділікті кеңейту. Енді диабетті емдеуге бөлінетін қаражат МӘМС арқылы бағытталады, бұл жүйенің тұрақтылығын арттырып, тиімді дәрі-дәрмектерді сатып алуға мүмкіндік береді.
Бұл іс жүзінде нені білдіреді?
• МӘМС жүйесінде сақтандырылған қант диабеті бар барлық пациенттер қажетті ем мен дәрі-дәрмектерді алуды жалғастырады.
• 18 жасқа дейінгі балалар және асқынулары бар ересектер (ретинопатия, нефропатия, ХХБ, жүрек-қан тамырлары аурулары) жеңілдік санатына кіреді, олардың емі толық қамтылады.
• Қазақстан өңірде инсулин түрлерінің ең кең спектрін ұсынады — оларды тегін беру жалғасады.
• Денсаулық сақтау министрлігі сатып алуларды қайта қарап, дәрілер тізімін заманауи түрлерге жаңартты.
• Сонымен қатар бюджет инсулин помпаларына арналған шығыс материалдарын қоса алғанда инновациялық терапияға қайта бөлінді.
Диагностика бойынша ше?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қант диабетіне скрининг ТМККК аясында жүргізіледі, яғни адамның сақтандырылғанына қарамастан, барлығына қолжетімді болады.
Еске саламыз:
2 типті қант диабеті көбінесе 45 жастан кейін дамиды. Негізгі қауіп факторлары — артық салмақ, қант пен май мөлшері жоғары тағам, сондай-ақ аз қимылдайтын өмір салты.
Ауруды дер кезінде анықтау және дұрыс емдеу — ұзақ әрі сапалы өмірдің кепілі.